«ӘЛЕУМЕТТІК МЕДИЦИНАЛЫҚ САҚТАНДЫРУ ҚОРЫ» КЕАҚ

 

БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ

 

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры емханалар мен ауруханалар қызметін бағалауға арналған мобильді қосымша әзірлеп шықты

 

6 қараша 2017 жыл                                                                                                                     Астана қаласы

 

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ ауруханалар мен емханалар қызметін бағалауға арналған мобильді қосымша әзірлеп шықты. «МСҚ: Халықтық бақылау» деп аталатын қосымшаны 6 қарашасынан бастап жүктеп алуға болады.

Медициналық қызметтерді пайдаланушылар осы қосымшаның көмегімен МСҚ дерекқорына енген барлық емдеу ұйымдары туралы пікір білдіріп, шағым жаза алады. Болашақта осы тілек-шағымдар негізінде клиникалардың рейтингі жасалуы тиіс. Бұл азаматтардың ең үздік деген клиникалар мен емханаларды таңдауына мүмкіндік бермек.

«Қосымша бірден бірнеше мәселені шешіп береді. Біріншіден, азаматтармен жедел түрде кері байланыс орнатудың тағы бір каналы ашылады. Бұл емделушілер үшін клиника таңдау мәселесін едәуір жеңілдетері сөзсіз. Екіншіден, Қор серіктес-ұйымдардағы қызмет көрсету сапасы мен пациенттердің қанағаттану деңгейі жайлы қосымша мәлімет алып отырады», - дейді Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басқарушы директоры Забира Оразалиева.

Денсаулық сақтау нысандарының рейтинг пайдаланушылар қойған баға негізінде, автоматты түрде жасалады. Содан соң МСҚ-ның fms.kz сайтында жарияланып отырады. «Мобильді қосымшаны телефонына орнатып алған азаматтар бұл рейтингті емханаға тіркелгенде немесе сала мамандарын таңдаған кезде пайдалана алады. Түптеп келгенде, мұның бәрі медицина ұйымдарын қызмет сапасын көтеруге ынталандырады деген үмітіміз бар», - дейді З.Оразалиева.

Қор өкілдерінің айтуынша, пациенттер осы қосымша арқылы емханаар мен стационарлар қызметін әртүрлі өлшемдер бойынша бағалауға мүмкіндік алады. Олардың қатарында қабылдауға кеткен уақыт, сервистің деңгейі, дәрігер берген ем-домның дұрыстығы, түсініктілігі, қызмет көрсетуге жасалған жағдайлар сынды өлшемдер бар. Оған қоса, емделушілер өз пікірін еркін түрде жазып қалдыра алады. Қор алдағы уақытта бұл пікірлерді міндетті трде ескеріп отырмақ.

«Қосымшаны пайдалану үшін алдымен ЖСН енгізіп, авторизация жасау қажет. Болашақта біз оны жаңа функциялармен және сервис түрлерімен толықтыруды жоспарлап отырмыз. Қосымшаны сынақтан өткізіп, ұсыныстар мен тілектеріңізді жолдаңыздар. Біз азаматтардың пікірлерін ескеруге дайынбыз», - дейді Қордың IT стратегия және тәуекелдерді басқару жөніндегі басқарушы директоры Абай Дүйсенев.

«Халықтық бақылау» қосымшасын Android платформасына негізделген смартфондарға Playmarket арқылы, ал, iOS платформасы үшін AppStore арқылы жүктеп алуға болады.

Қосымша туралы пікір білдіру үшін: https://fms.kz/ru/suggestion

 

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ

Жұртшылықпен байланыс жөніндегі департаменті

 

+ 7 (7172) 647 027, + 7 (702) 293 33 32